Мектеп формасы » КГУ "Общеобразовательная школа №155"
Коммунальное государственное учреждение
«Общеобразовательная школа №155»
Управления образования города Алматы
Қабылдау бөлімі:
+7(727) 230-98-96
Бухгалтерия
+7(727) 230-97-70
eOtinish.kz
Версия для
слабовидящих
16
сентябрь
2024

Мектеп формасы

Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 январьдағы № 26 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 16 февральда № 13085 болып тіркелді.
"Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 39) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 07.08.2023 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1. Қоса беріліп отырған Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаменті (Ж.А. Жонтаева) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде орналастыру үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
4) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он күн ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында қарастырылған іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Е.Н.Иманғалиевке жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы

Білім және ғылым министрі А. Сәрінжіпов
Қазақстан Республикасы
Білім мен ғылым министрінің
2016 жылғы 14 январьдағы
№ 26 бұйрығымен
бекітілген
Орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар
1. Жалпы ережелер
1. Осы орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 39) тармақшасына сәйкес білім алушыларды сапалы мектеп формасымен қамтамасыз ету мақсатында әзірленді.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 07.08.2023 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2. Осы Талаптарда мынадай негізгі ұғым қолданылады: орта білім беру ұйымы – бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, мамандандырылған жалпы білім беретін және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 30.12.2022 № 534 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

3. Талаптардың мақсаты – міндетті мектеп формасын қолдануда орта білім беру ұйымдарының бірыңғай келісімін қамтамасыз ету, ата-аналардың мектеп формасына жағымды қатынасын қалыптастыру, оқытудың зайырлы сипатын сақтауда оқу орны басшыларының және кеңестердің (қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті, мектептегі өзін-өзі басқару) жауапкершілігін арттыру.
Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 30.12.2022 № 534 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

4. Міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар орта білім беру ұйымдарының фойесінде, ал таныстыру мақсатында орта білім беру ұйымдарының Интернет-ресурстарында жарияланады.
2. Орта білім беру ұйымдарындағы міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар
5. Орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасы (бұдан әрі – мектеп формасы) оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келеді. Мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден асырмай түстерді араластыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден таңдалады.
6. Мектеп формасы білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізіледі.
7. Мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді.
8. Ұлдардың мектеп формасы:
пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, водолазка). Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.
Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 30.12.2022 № 534 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

9. Қыздардың мектеп формасы:
Қыздардың мектеп формасы:
пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.
Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 30.12.2022 № 534 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
10. Алып тасталды - ҚР Оқу-ағарту министрінің 30.12.2022 № 534 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

11. Ұлдар мен қыздарға арналған спорттық форма спорттық костюмнен (спорттық шалбар, куртка, футболка), спорттық аяқ киімнен (крассовка, кеды) тұрады.
12. Алып тасталды - ҚР Оқу-ағарту министрінің 30.12.2022 № 534 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

13. Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды.
Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 04.04.2016 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

14. Мектеп формасына орта білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін (белгілер, тігіспелер, шеврон және т.б.) орналастыруға рұқсат етіледі.
Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 30.12.2022 № 534 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

15. Мектеп формасына қойылатын талаптар климаттық жағдай, оқу сабақтарының өткізілу орны және оқу ғимаратындағы температуралық режим ескеріліп, іске асырылады.
16. Мектеп формасына қойылатын талаптар бойынша жарақаттайтын фурнитурасы бар киім мен аксессуарлар киюге тыйым салынады.
17. Мектеп формасын енгізу барысында мата құрамына назар аударылады.
18. Мектеп формасының матасы ретінде қасиеттері жақсартылған жартылай жүн және мақта, киіске төзімді, антибактериалдық, антимикробтық және антистатикалық қасиеттері бар маталар қолданған жөн.
Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 30.12.2022 № 534 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

19. Мектеп формасы туралы мәселелерді талқылауға балалардың ата-аналары және өзге де заңды өкілдері, мектептің өзін-өзі басқару мүшелері, қамқоршылар кеңесі мен ата-аналар комитеті қатысады және осы Талаптарға сәйкес ұсыныстар енгізеді.
Мектеп формасының фасонын таңдауды және юбканың ұзындығын орта білім беру ұйымы мен кеңес (қамқоршылық кеңесі, ата-аналар комитеті, мектептегі өзін-өзі басқару) айқындайды, жалпымектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі.
Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 30.12.2022 № 534 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

20. Мектеп формасына өзгерістер енгізу туралы шешім кеңеспен (қамқоршылық кеңесі, ата-аналар комитеті, мектептегі өзін-өзі басқару) келісу арқылы қабылданады.
Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 30.12.2022 № 534 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

21. Ата-аналар және өзге заңды өкілдер білім алушылардың орта білім беру ұйымында белгіленген мектеп формасын киюіне жауап береді.
3. Орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындау
22. Орта білім беру ұйымының басшысы (бұдан әрі – Басшы) және кеңес (қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті, мектептегі өзін-өзі басқару) міндетті мектеп формасын енгізу кезінде осы Талаптарды басшылыққа алады.
Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 30.12.2022 № 534 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

23. Балалардың ата-аналары мен өзге де заңды өкілдері мектеп формасын кез келген сауда желісінен сатып алады.
Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 30.12.2022 № 534 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

24. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) білім беруді басқару органдары (бұдан әрі – Басқару органдары) ата-аналарға мектеп формасын отандық мектеп формасын шығаратын өндірушілерден сатып алуды ұсынады. Басқару органдарына мектеп формасының жекелеген өндірушілеріне артықшылық беруге жол берілмейді.
Мектеп формасын сатып алғанда, ата-аналар оның өндірушісін таңдауда тәуелсіз.
Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 30.12.2022 № 534 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

25. Басшы ағымдағы жылғы 25 майға дейін мектеп формасының бекітілуін қамтамасыз етеді.
26. Алып тасталды - ҚР Оқу-ағарту министрінің 30.12.2022 № 534 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

27. Басшы осы Талаптармен ата-аналарды немесе заңды өкілдерді білім алушыны білім беру ұйымына қабылдау туралы өтініш (еркін нысанда) беру кезінде қол қойғызу арқылы және жалпы мектептік ата-аналар жиналысында таныстырады.
28. Тиісті мемлекеттік органдар шектеу іс-шараларын жүзеге асырған, төтенше жағдай енгізілген, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, форс-мажор жағдайлары туындаған жағдайларда шектеу іс-шаралары алынғанға, төтенше жағдай қолданысы, форс-мажор жағдайлары тоқтатылғанға дейін ата-аналар балаларды орта білім беру ұйымдарына киіп бара алатын іскерлік, классикалық стильдегі ыңғайлы киіммен қамтамасыз етеді.
Ескерту. 28-тармақпен толықтырылды – ҚР Білім және ғылым министрінің 13.07.2020 № 296 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.




© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК

Осы беттің QR-коды:
QR-код этой страницы: